Билік

Игерілмеген жер мемлекетке қайтарылады

Сенбі күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен ауыл шаруашылығы саласындағы жер телімдерін тиімді пайдалану және көгалдандыру жұмыстарына қатысты жиын өтті. Шараға барлық аудандар мен бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Жиында алдымен облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Нұрлан Наурызбаев ауыл шаруашылығы саласындағы жер телімдеріне жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысын  баяндады.

Биыл Елбасы Үкімет пен тиісті орындарға жер мәселесіне қатысты шаруаларды тез арада реттеуді тапсырған болатын. Осы орайда Үкімет ауыл шаруашылығына жарамды жерлерге тексеру жүргізуді қолға алды. Тиісті орындарға тапсырмалар берді. Барлық өңірде арнайы жұмыс тобы құрылды. Облыс әкімі тарапынан да осы мәселеге жіті назар аударылып, жер телімдері тексеріліп, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қарату жұмыстары жүрді.

Қазіргі таңда облыстың жер қоры — 32 миллион 62 мың гектар. Ауыл шаруашылығы саласындағы жердің көлемі — 7 миллион 795 600 гектар. Оның ішінде егістік  жер — 1 миллион 165 мың болса, шабындық және жайылымдық  жердің көлемі — 6 миллион 631 мың гектар. Осы алаңды игеруде  5051 агроқұрылым тіркелген. Нұрлан Наурызбаев ауыл шаруашылығы саласындағы жер телімдерінің барлығына түгендеу жұмыстарының  жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде  74 100 гектар егістік жердің пайдаланылмай жатқаны анықталған. Көлемі 107 мың 800 гектар болатын 155 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынса,  51 мың 100 гектар жер Ақтөбе және Батыс Қазақстан бойынша өңір аралық жер учаскесінің қарауына жіберілген. Ал 25 шаруашылық иесіне ескерту қағазы беріліпті. Көлемі 343 мың гектар болатын 519 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Мәселен, Әйтеке би ауданында игерусіз жатқан көлемі 28 400 гектар болатын 59 жер учаскесі мемлекеттің қарауына берілген. Ал Мәртөк ауданында көлемі 80 800 гектар болатын 86 жер учаскесінің 12 100 гектары мемлекеттің иелігіне  қайтарылған. Сондай-ақ Қарғалы, Қобда, Хромтау  аудандарындағы игерілмей жатқан жерлер де мемлекет меншігіне өтті. Бірқатар жер иелері жауапкершілікке тартылса, енді біріне айыппұл салынған. Жалпы тексеру нәтижесіне сүйенсек,  аймақта 3 миллион 917 гектар шабындық және жайылым жер игерусіз жатыр.

— Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасады. Сондықтан аудан әкімдіктері осы шаруаларға мұқият қарағаны жөн. Сондай-ақ, айта кететін бір нәрсе,  егер ауыл шаруашылығы саласындағы жер телімі екі жыл пайдаланылмаса, мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұған қоса биыл жер телімін пайдалану ережесі бекітілді. Мұнда жердің сапасына, яғни құнарлылығын арттыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Егер шаруашылық иесі жерді қалай болса солай пайдаланса, бұл да жерді қайтарып алуға негіз болады, — деді ол.

Жиында облыс аумағындағы суармалы жерлердің де ахуалы сөз болды.  Қазіргі таңда өңірдегі  суармалы жердің көлемі — 27700 гектар. Өткен жылы оның 8600 гектары игерілген.

Сондай-ақ Нұрлан Наурызбаев  «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің бойына қызмет көрсету нысандарын салу үшін типтік жоба әзірленіп жатқанын айтты.

— Аталған транзиттік дәліздің  610 шақырымы  біздің облыс арқылы, яғни Ақтөбе қаласы мен Хромтау, Ырғыз, Мәртөк аудандарының аумағымен өтеді. Қазіргі таңда жол бойына қызмет көрсету сервистерін салу үшін жер телімдері бөлініп жатыр. Мәселен, Мәртөк ауданындағы шаруа қожалықтардан осы мақсатқа 26 жер учаскесі алынды. Сондай-ақ кейбір салынған нысандардың сыртқы сәулеті сын көтермейді. Осыған жіті назар аударуымыз қажет, — деді.

Басқарма бастығының баяндамасынан соң,  облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аталған мәселелерге қатысты аудан басшыларына тапсырма берді.

— Жерді пайдалануға қатысты әр аудан жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Жерді игерусіз қалдырмай, қолынан іс келетін азаматтарға берген жөн. Ал «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік  дәлізіне келетін болсақ, жол бойына салынатын қызмет көрсету нысандары елу метр қашықтықта орналасуы керек. Сәулет және санитарлық талапқа сай келмейтін нысандарды алып тастау қажет, — деді.

Бұдан соң облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды  реттеу басқармасының бастығы Әлімжан Үсенғалиев көгалдандыру жұмыстарына қатысты баяндама жасады. Биыл «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясының аясында облыс аумағына 1 миллион 200 мың көшет отырғызылған.  Егілген талдардың барлығы Ойыл, Мәртөк, Темір аудандарындағы орман шаруашылықтарынан алынған. Алайда Әлімжан Үсенғалиев отырғызылған көшеттерді күтіп, баптау жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенін айтты. Кейбір аудан әкімдіктері осы мақсатқа қаржы қарастырмаған. Осы орайда облыс басшысы аудан әкімдеріне ескерту жасады.

—  Осы мақсатқа қыруар қаржы жұмсап, тал отырғызамыз, ал  күтіп, баптау жұмыстарына қаржы бөлмей еңбекті зая кетіреміз. Бұны қалай түсінуге болады. Сондықтан барлық аудан басшылары осы мәселеге  жіті назар аударуы керек. Алдағы уақытта бұндай кемшіліктерге жол беруге болмайды, — деді.

Жиын соңында Архимед Мұхамбетов тиісті орындарға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде газ, электр, жылу жүйелеріне төлейтін  қарыздарды уақытында өтеу керектігін айтып,  қысқы мал азығына қатысты мәселені қайта пысықтады. Аудан әкімдеріне бірінші кезекте  әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жемшөп түсіріп беру керектігін ескертті. Тиісті мекемелерге аудан, облыс аумағындағы тас жолдарды қардан тазартып, қатынастың үзілмеуін тапсырды. Сондай-ақ Астана қаласында өткен Ақтөбе күндерінің жақсы ұйымдастырылғанын айтып, осы жұмыстарды үйлестірген азаматтарға алғысын білдірді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button